Ізденіс ұстаздың шеберлігін ұштайды
Мектептің жаны – мұғалім
Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ
Мектептің жаны – мұғалім
Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ
Қазақтың ардақты ақын қызы Фариза Оңғарсынова: «Ұстазым, сенің әр күнің, Әр сәтің тұрған бір ерлік», деп ұстаз туралы ағынан жарылған екен. Шынында, ұстаз ұрпақтың ғана тәрбиешісі емес, ұлттың да, жұрттың да тәрбиешісі десек, асыра айтқандық емес. Тәуелсіз Отанымыздың мұғалімдері де ел дамуына зор үлес қосып келеді. Иә, ұстаздың аты – ұстаз. Сол ұстаздың ой-пікірін, озық тәжірибесін, әдістемелерін, сабақ өткізу, тәрбие үйрету тәсілдерін, әріптестері туралы ой-толғамдарын, жеткен жетістіктерін, алда кеңесе отырып атқаратын келелі істерді, сол секілді мұғалім абыройын асыру, беделін арттыру жайын «Егемен Қазақстан» газеті бүгіннен бастап «Тәлім» деген арнайы бетте жан-жақты беріп отыруды қолға алды. Бір сөзбен айтқанда, басылымның есігі мұғалімдер үшін ашық. Қазір елімізде жоғары білімді мұғалімдердің саны 265 090 (91%) болса, орта кәсіптік мамандық иелері 25 976 (8,9%) екен. Бұл – үлкен күш. Ендеше, жас ұрпаққа білім үйретіп, тәрбие беріп жатқан ұстаздар әр апта сайын газеттен өздері туралы жазылған алуан түрлі дүниелерді оқып отырады. Мұнымен қатар, мектеп түлектерін ҰБТ-ға дайындауды, білім саласына тікелей қатысы бар министрліктерден бастап, өзге де қоғамдық ұйымдарды ғылыми зерттеу орталықтарын, қысқасы, тәуелсіз елдің оқуына өз үлестерін қосып жүрген жеке тұлғаларға дейін қатыстыра отырып, редакция жанынан арнайы кеңес құру да қолға алынбақшы.
Сонымен, ұстаздар қауымына ел газетінің киелі шаңырағынан орын беріліп, оңтайлы іске ел болып ұйысу жайын жұрттың талқысына ұсынуды мақсат етіп отырмыз. Жақсы бастаманы білім саласының барлық қызметкерлері қолдап, үн қосып, үкілеген үміт ақталады деген сенім зор.
Ізденіс ұстаздың шеберлігін ұштайды
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «…ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», деген. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, Алаш арысының осы сөзі ескірмек емес. Жақсы ұстаз – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеймін және солай болуы тиіс.
Бұл міндетті жемісті орындау, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін оқытудың көптеген жаңа әдіс-тәсілдерін алып, өз іс-тәжірибемде ұтымды пайдалана білуге тырысамын. Педагогикалық процестегі инновация – оқыту мен тәрбиенің тәсілдері, түрлері мақсаты мен мазмұнын, мұғалім мен оқушының бірлескен қызметін ұйымдастыруға жаңалық енгізуді білдіреді. Мұғалім кәсібінің сапасы педагогтік әдеп пен ұстаздық шеберлік ұштасқанда өз нәтижесін береді. Өз тәжірибеме өзгерістер енгізуді мақсат етіп курсқа келдім. Мен мұғалім мамандығын таңдаған уақыттан бастап, осы жолдың қиын әрі қызықты, мағыналы, аса маңызды екендігін түсіндім. Өз жұмысын кез келген маман зор сүйіспеншілікпен орындаса, оның жемісі нәтижелі де сапалы болатыны сөзсіз.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқыту бағдарламасы, заманауи педагогикалық технологиялар үнемі өз тәжірибемізді жетілдіруге зор мүмкіндік береді. Осы жаңа әдіс-тәсілдердің ерекшеліктеріне деген көзқарасым үш апталық курс бағдарламасының тыңдаушысы болғанымнан кейін өзгерді. Сындарлы оқыту теориясындағы тізбекті оқыту, оқушылар бойына адами құндылықтарды сіңіру өз сабақтарымда керемет ықпалдасады деп ойлаймын. Бүгінгі күнде сабақтың сапасын арттырып, терең білім беруде оқытудың әдістерін жетілдіре түсу керек деп білемін.
«Адамның ақыл-ойын, қабілетін, шығармашылығын дамыту арқылы оны бақыт жолына жеткізуге болады», деп Шығыстың әйгілі ойшылы әл-Фараби айтқандай, болашақта өсіп келе жатқан ұрпағымызды көшбасшылыққа, өз ойын ашық түрде айта білуге, еліміздің туын көкке желбіретіп, оның өсіп-өнуіне өз ықпалын тигізетін ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Әр баланың санасына білімді барынша толық жеткізу керек екенін, әр баланы жеке тұлға ретінде санау, әр баланың ойын тыңдап, оны бөлісу керектігіне көз жеткіздім.
Қазіргі заман талабына сай оқу үрдісінде көптеген жаңашыл ойлар, жаңа технологиялармен жұмыс жүргіземін, оқытқан шәкірттерімнің өмірде алатын орны ерекше болады деп есептеймін. Осы курстағы тыңдаушылардың өмірге деген көзқарасы өзінің шәкіртіне деген мейірімі, өз мамандығына деген қызығушылығы арта түскенін байқадым.
Курстағы оқып-үйренген, алған білімімді, үйренген әдіс-тәсілдерімді өзімнің тәжірибемде қолданып, шәкірттерімнің бойындағы қасиеттерін аша аламын деген сенімдемін.
Ұлболсын ЖҮНІСБЕКОВА,
№66 жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш
сынып мұғалімі ҚАРАҒАНДЫ egemen.kz